Толқынның пайда болуы (1864–1895)
Әлемдік ғылым ашқан эфир және оны естіген Қазақ даласы
ХІХ ғасырдың соңындағы қазақ даласын көз алдыңызға елестетіңізші. Көз ұшындағы шексіздік, сирек қонған ауылдар мен соқпағы жоқ иен дала. Қала мен көшпелі ауыл арасындағы кез келген суыт хабар апталап, айлап жететін. Ол замандағы жалғыз байланыс құралы - атты шапқыншы еді. Осы онжылдықтарда әлемдік ғылымда орын алатын ұлы жаңалықтардың бәрі уақыт өте келе бұл өңірге де жетіп, осы өлкенің тыныс-тіршілігін мәңгілікке өзгертеді. Алайда, ең алдымен, ғалымдарға сиқырдай көрінген таңғажайып жаңалық ашу керек болды.
1864 жылы шотланд физигі Джеймс Клерк Максвелл электромагниттік толқындардың бар екенін математикалық тұрғыдан болжап берді. Бұл ешқандай сымсыз-ақ кеңістікте тарала алатын көрінбейтін тербелістер еді. Ол бұл толқындарды көре де, ұстай да алмады, бірақ оның теңдеулері: «Олар бар!» — деп көрсетіп тұрды. 1886–1887 жылдары неміс физигі Генрих Герц мұны тәжірибе жүзінде дәлелдеді: ол бөлменің бір бұрышында электр ұшқынын шығарып, оның сигналын екінші бұрышынан ұстап алды. Ортада ешқандай сым болған жоқ. Толқын ауа кеңістігі арқылы өтті.

Ғылыми дерек:
Электромагниттік толқын - бұл жарық жылдамдығымен кеңістікте таралатын электр және магнит өрістерінің тербелісі. Радиотолқындар, бізге көрінетін жарық, рентген сәулелері - бұлардың бәрі бір ғана құбылыстың түрлері. Дәл осы Герц толқындары радио мен телевизияның негізіне айналды.
Герц бұл жаңалықтың практикалық пайдасы туралы ойламады, ол нағыз таза ғылым адамы еді. Бірақ көп ұзамай, 1895–1896 жылдары итальяндық Гульельмо Маркони бұл жаңалықты іс жүзінде қолданылатын құралға айналдырды: ол радиотелеграфты патенттеп, сымсыз сигналдарды барған сайын алыс қашықтықтарға тарата бастады. Әлем ақпараттық төңкерістің табалдырығында тұрды.
Ол уақытта Қазақ даласы бұл жаңалықтардың өз тағдырын түбегейлі өзгертетінін әлі сезбеген еді. Арада жиырма жылдан сәл ғана астам уақыт өткенде, Герц толқындары қазақ даласының аспанында қалықтап, көшпенділерді алыстағы қалалармен байланыстыратын болады.
Қазақ радиосының пайда болуы (1895–1930)
Алғашқы хабарлардан ана тіліміздегі үнге дейін
Алғашқы радиосигналдар «тілсіз» еді: эфирде тек Морзе әліпбиінің нүктелері мен сызықшалары ғана сайрап тұратын. Алайда 1906 жылы канадалық инженер Реджинальд Фессенден тарихта тұңғыш рет адам дауысы мен музыка естілген радиохабар таратты - ол Атлант мұхитындағы сауда кемелерінің радистерін мерекемен құттықтады. Үнемі бірсарынды «түк-түк-түк» деген дыбысқа үйренген радистер құлаққаптан скрипканың әуені төгілгенде өз құлақтарына өздері сенбеді. Осылайша, тірі дауысты радио дәуірі басталды.
Ғылыми дерек:
Дауысты радиохабар тарату мүмкіндігі 1906 жылы ойлап табылған электронды шам - триодтың арқасында жүзеге асты. Бұл шағын шыны құрылғы әлсіз сигналдарды мыңдаған есе күшейте алатын. Онсыз радио да, телевизия да, қазіргі заманғы электроника да болмас еді.
Қазақстандағы радио тарихының нақты басталған күні мен мекені бар. 1921 жылы Қазақ автономиясының сол кездегі астанасы — Орынбор қаласынан алғашқы тұрақты радиохабарлар тарай бастады. Дәл осы жыл қазақстандық радиохабар таратудың ресми бастау нүктесі болып саналады. Хабарлар орыс тілінде жүргізілді және ең алдымен қала халқына арналды.

Бірақ 1927 жыл нағыз тарихи кезеңге айналды: эфирде тұңғыш рет қазақ сөзі айтылды. Радиоқабылдағыштан өз ана тілін ешқашан естіп көрмеген миллиондаған адамдар үшін бұл ұлы таңғалыс, зор мақтаныш еді. Ұлы дала эфир арқылы, ешқандай сымсыз, Герцтің көрінбейтін толқындарымен өз үнін естіді. Көп ұзамай, 1931 жылы Алматыда қуаттылығы 10 кВт болатын ірі ұзын толқынды радиостанция бой көтеріп, бүкіл республиканы тұрақты хабармен қамтамасыз етті.
Қазақстанның теріскейіндегі радиоәуесқойлар да мемлекеттің көмегін күтіп отырмады. Петропавл мұражайының мұрағатында 1929 жылы түсірілген тарихи сурет сақталған: онда «радио достары қоғамының» мүшелері қала маңында өз күштерімен радиостанция орнатып жатыр. Жаңа технологияға ғашық болған қарапайым қала тұрғындары қиян шеттегі дыбыстарды есту үшін антенналар мен күшейткіштерді өз қолдарымен құрастырған. Бұл сол дәуірдің нағыз рухы еді: радио адамдарды тірі ғажайыптай баурап алды.
Бейненің пайда болуы (1925–1950)
Әлем телевизияны ойлап тапты, ал Қазақстан радионы күшейтті
Радио адамзатқа дыбыс сыйлағаннан кейін, келесі арман бейнені жеткізу болды. Көз алдымыздағы суретті ешқандай сымсыз, ауа толқындары арқылы жүздеген шақырымға қалай таратуға болады? Бұл міндет ол заманда қиял-ғажайып сияқты көрінген. Алайда ғалымдар оның шешімін тапты, тіпті бір емес, бірнеше нұсқасын ұсынды.
Ең алғашқы қадамды 1884 жылы неміс инженері Пауль Нипков жасаған болатын. Ол ойлап тапқан, бетінде арнайы саңылаулары бар айналмалы диск кескінді жол-жолмен «оқып», жарықты электр сигналына айналдырды. Ал қабылдағыш жақтағы дәл сондай екінші диск ол сигналды қайтадан бейнеге айналдырып шығаратын. Оның сапасы өте төмен еді: экраннан тек бұлдыраған көлеңкелер мен жыпылықтаған бейнелер ғана көрінетін. Бірақ басты қағида іске қосылды. 1925–1926 жылдары шотландтық Джон Бэрд бұл жүйені жетілдіріп, адамның жүзін көрсету деңгейіне жеткізді. Бейне жыпылықтап тұрса да, адамды тануға болатын еді.

Ғылыми дерек:
Нипков дискісі жаймалау (развёртка) қағидасымен жұмыс істеді: бейне дәл біз кітап оқығандай жол-жолмен «оқылатын». Кейіннен электронды тәсілмен жүзеге асқан осы қағида ХХ ғасырдағы бүкіл телевизияның негізіне айналды. Тіпті қазіргі заманауи сұйық кристалды (ЖК) экрандарда да бейне осылайша жол-жол бойынша түзіледі.
Осымен қатар электронды телевизия идеясы да қарқынды дамыды. Неміс физигі Карл Браун электронды-сәулелік түтікшені ойлап тапты: мұнда көрінбейтін бөлшектер — электрондар ағыны жарқыраған экранға бейнені бір қағазға қарындашпен салғандай сызып шығатын, тек бұл процесс миллиондаған есе жылдам жүретін.

1927 жылы америкалық Фило Фарнсуорт алғашқы толықтай электронды теледидарды патенттеді. Ал Владимир Зворыкин іс жүзінде қолдануға ыңғайлы тұңғыш телекамераны құрастырды. 1936 жылға қарай Ұлыбританиядағы BBC телеарнасы тұрақты түрде ақ-қара түсті телекөрсетілімдерді тарата бастады.
Бұл жылдары Қазақстан бүкіл күш-жігерін радионы дамытуға жұмсады - бұл стратегиялық тұрғыдан өте дұрыс таңдау еді. Республиканың аумағы ұлан-ғайыр, қашықтық өте үлкен болғандықтан, радиосигнал ешқандай сымның көмегінсіз ең шалғай өңірлерге де жете алды. Сұрапыл Ұлы Отан соғысы жылдарында дәл осы радио елдің басты үніне айналды. Қазақстандық радиостанциялар тәулік бойы майдан шебінен ақпарат таратып, халықтың жауынгерлік рухын көтерді, тыл мен майданды тұтастырды. Ауыл мен қаладағы әрбір радиорепродуктор (үнжария) үрейлі, бірақ тірі әлемге ашылған басты терезе болды.
Соғыстан кейін Қазақстан бейбіт өмір мен жасампаздық ісіне қайта оралды. Радио желісі кеңейіп, жаңа студиялар ашыла бастады. Ал көкжиектен адамзатты өзіне баураған келесі бір ғажайып — телевизияның сұлбасы көрініп келе жатты.
Қазақстан экранға телмірді (1950–1965)
Алматыдағы тұңғыш телеорталық және даладағы телемұнаралар
1950 жылдар — теледидар зертханалық таңсық дүниеден әр үйдің ажырамас қажеттілігіне айналған онжылдық болды. Қазақстан үшін бұл кезең өз дикторлары, төл бағдарламалары мен жеке студиясы бар отандық телевизияның туу дәуірі ретінде тарихқа енді.
1958 жылдың 8 наурызы - әрбір қазақстандық білуі тиіс айтулы күн. Дәл осы күні Алматы телестудиясының алғашқы сынақ хабары эфирге шықты. Қазақ телевизиясының тұңғыш дикторлары Зүлхия Жұматова мен Нелли Омарова болды. Студия шағын, ал құрылғылар өте қарапайым еді. Бірақ экранға нұр жүгірді - бұл оқиға ел өмірін түбегейлі өзгертті.

Ғылыми дерек:
Соның алдындағы басты технологиялық төңкеріс - бейне жаймасының 240 жолдан 625 жолға ауысуы еді. Бұл бұлдыр сурет пен анық бейненің арасындағы айырмашылықтай болды: кескін егжей-тегжейлі әрі шынайы көріне бастады. Дәл осы 625 жолдан тұратын стандарт Қазақстанда цифрлық телевизияға көшкенге дейін қолданылып келді.
Қазақстан бірден бүкіл республика бойынша телевизиялық желі құрылысын бастап кетті. 1958 жылдың өзінде Өскемен мен Қарағандыда телеорталықтар бой көтерсе, 1959 жылы — Жезқазғанда, 1960 жылы — Целиноградта (қазіргі Астана), Петропавлда және Оралда, ал 1961 жылы Қостанайда телеорталықтар ашылды.
Қостанай ОДРТ-ның (2025 жылдан бастап — «Солтүстік» филиалы) құрылуы мен дамуы
Қостанайда Челябинск – Қостанай – Соколов-Сарыбай тау-кен байыту комбинаты арасындағы байланыс жүйесін және Қостанай қаласында ретрансляциялық станция салу туралы шешім 1956 жылдың қазан айында қабылданды. Бұл шешімге Рудныйдағы ССГБК (ССГОК) құрылысы мен тың және тыңайған жерлерді игерудің ауқымды науқаны негізгі тарихи себеп болды - аймаққа сенімді байланыс ауадай қажет еді. Қостанай телеорталығының құрылысы 1960 жылдың екінші жартысында аяқталды. Хабар тарату 1961 жылдың 1 мамырында бапталса, сол жылдың қараша айында төл студияның бағдарламалары эфирге шыға бастады. Ол жылдары мұнда екінші буынның ең қуатты «ТТР» таратқышы қолданылды: сапалы қабылдау аймағы 80–100 шақырымға дейін жетіп, тек Қостанай мен Рудныйды ғана емес, маңайдағы аудандарды да қамтыды.
1964 жылы өңірде сымды радиохабар таратудың неғұрлым технологиялық баламасына айналған алғашқы «Дождь-2» эфирлік радиохабар таратқышы іске қосылды. Осының арқасында Одақтық және Республикалық бағдарламаларды, сондай-ақ облыстық радионы аралас түрде трансляциялау мүмкін болды. 1967 жылдың 1 қаңтарында екінші «Дождь-2» таратқышы жұмысқа қосылды.
1974 жылдың желтоқсанында Қостанайда түрлі-түсті бейне беруге мүмкіндік беретін үшінші буынның «Зона» таратқышы құрастырылып, іске қосылды. Дегенмен, түрлі-түсті телевизияның өзі Қостанай облысына тек 1979 жылы - Арқалықта «Орбита» ғарыштық байланыс станциясы іске қосылғаннан кейін ғана келді. Орталық телевизияның бағдарламасы «Орбита» станциясынан радиорелейлік желілер арқылы облыстың радиотелевизиялық станцияларына жеткізілді, осылайша өңір тұрғындары түрлі-түсті теледидар көру мүмкіндігіне ие болды.
Петропавл қаласы телехабар тарату желісіне 1960 жылы, республикада алғашқылардың бірі болып қосылды. Солтүстік Қазақстан тұрғындары үшін бұл нағыз таңғажайып оқиға болды. Енді олар үйден шықпай-ақ дикторлардың жүзін көріп, өзге қалалардан түсірілген репортаждарды тамашалай алатын күйге жетті. Қашықтық бейнелі ақпарат үшін енді кедергі болудан қалды.
1960 жылдардың ортасына қарай Қазақстанда, әлі де қарапайым болса да, тармақталған телерадиожелі қалыптасып үлгерді. Бірақ ең негізгі жұмыс алда тұрған еді: республика аумағы тым үлкен, ал бір таратқыштың сигналы қала айналасындағы шағын ғана аймақты қамти алатын. Бүкіл ұлан-ғайыр даланы толық қамту - алдағы шешілуі тиіс басты міндет еді.
Түрлі-түсті бейне мен серік (1965–1985)
Қазақстан ғарыштан түрлі-түсті телевизия сигналын қабылдады
Түрлі-түсті телевизия адам көзінің кез келген түсті үш негізгі түстің (қызыл, жасыл және көк) қосындысы ретінде қабылдайтын табиғи ерекшелігіне негізделген. Телекамера бейнені үш арнаға «бөлшектейді», ал теледидар оларды қайтадан «біріктіріп» көрсетеді. Қазақстан бүкіл Орталық Азия аумағында қолданылған француздық SECAM жүйесін пайдаланды.
Отандық телерадиохабар тарату саласында екі бірдей үлкен төңкеріс бір уақытта орын алды — бұл қос жаңалық қазақстандық эфирдің келбетін мәңгілікке өзгертті. Телевизия түрлі-түсті форматқа көшті және телехабар тарату жүйесі ғарыш биігіне көтерілді.
Ғалымдар түрлі-түсті телевизия идеясын өте ертеден-ақ зерттей бастаған еді: тіпті 1937 жылдың өзінде қызыл, жасыл және көк линзалары бар алғашқы түрлі-түсті теледидар құрастырылды. Бірақ бұқаралық түрлі-түсті хабар тарату — тек ғылымның ғана емес, сонымен бірге инфрақұрылымның да дайындығын талап ететін күрделі мәселе болатын. Қазақстанда республикалық бағдарлама түрлі-түсті бейне форматына 1981 жылы көшті. Осы сәтке дейін Қостанай мен Петропавл тұрғындары экраннан тек ақ-қара түсті әлемді ғана тамашалап келген еді.

Қазақстан бүкіл Орталық Азия аумағында қолданылған француздық SECAM жүйесін пайдаланды.
Алайда саланың дамуындағы ең басты серпіліс серіктік хабар тарату жүйесінің іске қосылуы болды. 1967 жылы «Орбита» жүйесі жұмыс істей бастады, бұл телесигналды жасанды серіктер арқылы елдің бүкіл ұлан-ғайыр аумағына трансляциялауға мүмкіндік берді. Аумағы орасан зор Қазақстан республикасы бұған дейін жер үсті таратқыштарымен қол жеткізу мүмкін болмаған біртұтас телевизиялық қамту аймағына ие болды.
Қостанай облысы үшін «Орбита» нағыз ғылыми-техникалық серпіліс әкелді. 1979 жылы Арқалық қаласында «Орбита» ғарыштық байланыс станциясы іске қосылып, өңір тұрғындары алғаш рет Орталық телевизия бағдарламаларын түрлі-түсті форматта көру мүмкіндігін алды. Техникалық тұрғыдан алғанда, түрлі-түсті сигналға арналған «Зона» таратқышы мұнда 1974 жылы-ақ орнатылған болатын, бірақ толыққанды хабар тарату дәл осы ғарыштық серіктің арқасында ғана шындыққа айналды.
1960–1980 жылдар аралығында бүкіл Қостанай облысында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бірінен соң бірі радиотелевизиялық станциялар бой көтерді: Құсмұрында (1967), Лисаковскіде (1972), Арқалықта (1973), Жітіқарада (1972), Қарабалықта (1987), Амангелдіде (1977), Шұбалаңда (1981), Ұзынкөлде (1983). Биіктігі 140, 180, 196 метрлік зәулім мұнаралар тұрғызылды. Ал Ұзынкөлдегі телемұнараның биіктігі 365 метрге дейін жетті - бұл атақты Эйфель мұнарасынан да биік! Ол Қазақстандағы ең қуатты РТС (радиотелевизиялық станция) болды. Әрбір жаңа станцияның іске қосылуы тағы бір ауданның, тағы бір ауылдың ақпараттық оқшауланудан (көлеңкеден) шыққанын білдірді.
1984 жылға қарай Қостанайда түрлі-түсті телевизияның жаңа аппараттық-студиялық кешені пайдалануға берілді. 1988 жылғы мәлімет бойынша, Қазақстан азаматтарының иелігіндегі теледидарлар саны жалпы алғанда бес миллионнан асып жығылды. Бүкіл республика түрлі-түсті экранға көз тікті.
Егемендік эфирі (1985–1995)
Қазақстанның тәуелсіздік алуы және төл телевизиясының қалыптасуы
1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардың басы Қазақстанды түбегейлі өзгертті. Бұл тарихи бетбұрыстар ел эфирінен де дереу көрініс тапты. Отандық телевизия небәрі бірнеше жылдың ішінде одақтық біртұтас жүйенің бағынышты бөлшегінен дербес, ұлттық хабар тарату деңгейіне дейінгі үлкен даму жолынан өтті.
1990 жылдың соңында Қазақстанда Ku-ауқымында (Ku-диапазон) жұмыс істейтін «Жарық» атты жеке серіктік желісі пайдалануға берілді. Енді «Горизонт» ғарыш серігі арқылы ұлттық телевизия бағдарламалары республиканың түкпір-түкпіріне тарай бастады — «Қазақстан» телеарнасы ең шалғай аудандарға да жол тартты. Бұл стратегиялық маңызы зор қадам еді: Қазақстан мемлекеттік егемендігін жариялағанға дейін-ақ өз алдына тәуелсіз телевизиялық инфрақұрылым құрып үлгерді.

Ғылыми дерек:
1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардың басында бейнемагнитофондар мен кассеталық бейнежазбалар пайда болды. Қазақстандықтар алғаш рет жазылып алынған бағдарламаларды өздеріне ыңғайлы уақытта көру мүмкіндігіне ие болды. Бұл — бүгінгі таңда көрермен не ілгері, не кейін шегеріп, нені және қашан көретінін өзі шешетін «бейсызықты қарау» (нелинейный просмотр) жүйесіне жасалған алғашқы қадам еді.
1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялады. Ел телевизиясы жаңа тарихи белеске көтерілді. Енді егемен мемлекеттің өз ақпараттық саясатын қалыптастыру, тәуелсіз елдің үнімен сөйлеу, көпұлтты аудитория үшін қазақ және орыс тілдерінде жаңа бағдарламалар мен заманауи форматтар ашу қажеттілігі туындады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қостанайда ауқымды қайта құру (реконструкция) жұмыстары жүргізілді: телевизия мұнарасы жаңартылып, республикалық «Хабар» бағдарламасын тарату үшін жаңа буынның таратқыштары орнатылды, сондай-ақ өңір тарихындағы ең қуатты радиостанция құрастырылды. Облыс көлеміндегі Қарабалық, Лисаковск, Аркалық қалаларында да құрылғыларды жаңғырту ісі қарқын алды. Аймақ бұл тұрғыда республикалық даму қарқынынан еш қалыс қалған жоқ.
1991 жылы Жітіқара қаласында өңірдегі мемлекеттік емес хабар таратудың қарлығаштарының бірі - «25-ші арна» Қостанай коммерциялық телестудиясы іске қосылды. Қазақстандық эфир тарихында тұңғыш рет жеке бизнеске есік ашты. 1995 жыл сала үшін маңызды белес болды: бұл жылы бүкіл ұлттық хабар тарату жүйесі сигнал жеткізудің серіктік тәсіліне толықтай көшті. Мұнараның биіктігі мен жер үсті таратқышының қуатына тәуелді болу заманы тарих қойнауына кетті.
Көп арналы дәуір (1995–2010)
Кабель, серік, интернет: таңдау мүмкіндігі шексіздікке ұласты
Кеңес үкіметі тұсында телекөрермен тек екі-үш арнамен ғана шектелсе, 1990 жылдардың басында олардың саны он шақтыға жетті. Ал 2000 жылдарға қарай телевизия әлемі сөзбе-сөз алғанда шексіздікке ұласты. Кабельдік желілер жүздеген арнаны ұсынды. Спутниктік (серіктік) табақша антенналар планетаның кез келген нүктесінен сигнал қабылдай алды. Содан кейін интернет пайда болды — бұл жаңалық бәрін қайтадан өзгертті.
Технологиялық тұрғыдан бұл кезең екі үлкен серпіліспен ерекшеленеді. Біріншісі — кабельдік телевизияның кеңінен таралуы: провайдерлер көпқабатты үйлерге кабельдік желі тартып, 100, 200, 300 арнадан тұратын топтамаларды ұсынды. Екіншісі — жеке пайдаланушыларға арналған серіктік хабар тарату жүйесі: балконға орнатылған шағын табақша антенна халықаралық арналарға жол ашты.

Ғылыми дерек:
1990 жылдары телевизиялық сигнал аналогтық форматтан цифрлық форматқа көше бастады. Бұлардың айырмашылығы күйтабақ (пластинка) пен CD-дискінің айырмашылығындай еді: цифрлық сигнал ұзақ қашықтыққа тарағанда сапасын жоғалтпайды, «сырқырамайды» және экранда бұлдырап «қар жаумайды». Осының арқасында бір жиілікте бір ғана арнаның орнына бірнеше арнаны қатар тарату мүмкіндігі туды — бұл процесс мультиплекстеу деп аталады.
Қазақстан үшін 1997 жыл «Қазтелерадио» РМҚК-ның (Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын) құрылуымен ерекшеленді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бұл кәсіпорын бүкіл ел аумағына телерадиобағдарламалар мен өзге де хабарларды тарату мақсатында телерадиохабар тарату және радиобайланыс саласының арнайы субъектісі ретінде құрылды. Осы сәттен бастап хабар тарату инфрақұрылымының біртұтас ұлттық операторы пайда болды. Шамамен үш онжылдыққа жуық уақыт ішінде «Қазтелерадионың» мемлекеттік басқару саласындағы бірнеше уәкілетті органы ауысты; қазіргі уақытта бұл функцияны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жүзеге асырады.
2006 жылдан бастап Қазақстан KazSat сериялы өз телевизиялық серіктерін ғарышқа ұшыра бастады. Бұл символикалық қадам болды: ел шетелдік ғарыш ресурстарын жалға алудан бас тартып, өзінің дербес орбиталық инфрақұрылымына көшті.
Өңірлік деңгейде бұл кезеңде ескірген кеңестік құрылғыларды жаппай ауыстыру жұмыстары белсенді жүргізілді. Бүкіл Қостанай облысы бойынша — Арқалық, Амангелді, Шұбалаң, Ұзынкөл, Лисаковск, Қарабалық және Құсмұрын радиотелевизиялық станцияларында (РТС) ескі электронды шамды «Зона», «Якорь», «Дождь-2» таратқыштары жоспарлы түрде жартылай өткізгішті (твердотельные) заманауи «Полярис» таратқыштарына ауыстырылды. Жаңа таратқыштар сенімді, үнемді әрі сигнал сапасын анағұрлым жоғары деңгейде қамтамасыз ете алатын еді.
2006 жылы Қазақстан аналогтық телевизиядан біртіндеп бас тартып, цифрлық эфирлік хабар таратуға (ЦЭХТ) көшу туралы халықаралық келісімге қол қойды. Бұған айқын себептер бар еді: аналогтық сигнал кедергілерге жиі ұшырайтын, арналардың қажетті санын қамтамасыз ете алмайтын және бейне сапасы жағынан заман талабына сай келмеді.
Ғылыми дерек:
Цифрлық телевизия бейнені компьютерлік деректер сияқты нөлдер мен бірліктер түрінде жеткізеді. Бұл сигналды сығымдауға, бір жиілікте бірнеше арнаны қатар беруге және ешқандай кедергісіз мұнтаздай таза бейне мен дыбысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазақстанда қабылданған DVB-T2 технологиясы бұрын тек бір ғана аналогтық арна сыятын жиілікте 8-ге дейін телеарнаны сапалы таратуға мүмкіндік береді.
«Цифрға» көшу орасан зор жұмысты талап етті: бүкіл ел бойынша жаңа тарату станциялары салынды, ескі аналогтық мұнаралар бұзылды, халық цифрлық сигнал қабылдайтын приставкалармен (ресиверлермен) қамтамасыз етілді. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға бұл приставкалар тегін таратылды.
Қостанай облысы бұл межеге қомақты нәтижелермен жетті. 2018 жылға қарай облыста 59 цифрлық эфирлік телехабар тарату станциясы салынып, дәл осы жылы өңір толықтай цифрлық телехабар тарату жүйесіне көшті.
Солтүстік Қазақстан облысында цифрлық эфирлік хабар таратуға көшу сәл кейінірек - 2021 жылы жүзеге асты. Бұл облыстарда цифрлық теледидармен қамту деңгейі дерлік 100 пайызға жетті!
Десе де, көкжиектен жаңа буынның технологиялары көріне бастады. Олар - Full HD форматынан төрт және он алты есе жоғары 4K және 8K телевизиясы. Түстер мен контрастыны барынша шынайы ететін HDR технологиясы. Спорттық трансляцияларда көрерменге камераның қарау бұрышын өзі таңдауға мүмкіндік беретін интерактивті телевизия. Нақты бір көрерменнің талғамына қарай контентті автоматты түрде іріктеп беретін жасанды интеллект.
Алайда, 1895 жылдан бастап, яғни Попов пен Маркони алғашқы толқындарды ұстаған сәттен бері ең басты құндылық өзгеріссіз қалып келеді: адам әрқашан өзге адамдармен байланыста болуға, өз бөлмесінің шекарасынан тыс жердегі әлемді естуге және көруге ұмтылады. Телерадиохабар тарату — дәл осы алтын көпір, байланыс құралы. Кеше - Нипков дискісі мен электронды шамды қабылдағыш арқылы. Бүгін - цифрлық мультиплекс пен смартфон арқылы. Ертең - біз қазір тек қиялдай алатын мүлдем жаңа технологиялар арқылы бұл байланыс жалғаса бермек.
1921 жыл, Орынбор: қазақ радиосының алғашқы сөздері эфирге жол тартты.
1927 жыл: радиодинамиктен тұңғыш рет ана тіліміздің үні естілді.
1958 жыл: Зүлхия Жұматова Алматы студиясының камера объективіне қарап, қазақ телевизиясының тұңғыш сөздерін мақтанышпен айтты.
1979 жыл: Арқалық қаласы ғарыштық сигналды қабылдап, Қостанай даласы алғаш рет түрлі-түсті бейнені көрді.
1991 жыл: Тәуелсіз Қазақстан өз егемендігінің төл эфирін құрды.
2006 жыл: KazSat орбитаға шығып, еліміз ғарыш биігінен өзіне көз салды. Бүгінгі күн: Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында халықты цифрлық телевизиямен қамту деңгейі дерлік 100 пайызға жетті.
Бұл тек қана техниканың даму тарихы емес. Бұл -қазақстандықтардың: инженерлер мен дикторлардың, монтажшылар мен радиоәуесқойлардың, сонау қиян шеттегі ауыл тұрғындары мен облыс орталығындағы азаматтардың қалайша қадам басып, қашықтық ұғымын жойған біртұтас әлемді бірге тұрғызғаны туралы ұлы шежіре. Ал бұл тарих әлі де жалғасып келеді.
